Кешенді мерекелік іс-шаралар

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Бүгінде Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Олардың барлығы депортация кезінде өз елдерін тастап, бейтаныс жерге қоныстануға мәжбүр болғандардың ұрпақтары болып табылады. Қазақ халқы ештеңеге  қарамастан оларды қазақ жеріне өз бауырларындай қабылдады. Ал қазір Қазақстан – сол жылдары депортацияланған 100-ден астам ұлт өкілдерінің ортақ Отаны. Олардың арасында Жамбыл облысының «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері де бар.

Бұл жерде түрік халқының Қазақстан жеріне қоныс аудару тарихын айта кету керек. 1944 жылдың 31 шілдесінде КСРО  Мемлекеттік қорғаныс комитетінің түрік-ахыска халқын Грузиядан Орта Азия мен Қазақстан жеріне  жедел қоныс аударту туралы № 6279 қаулысы шықты. Дәл осы жыл түрік халқының өмірін астан-кестенін шығарды. Олардың ертеңгі тағдыры не болары белгісіз болды. Күштеп қоныстандырудың зардабы өлшеусіз еді, басынан өткізгендер оны ешқашан ұмытпайды. Бұрын өмір сүрген жерлерінде олар барлық дүние-мүлкін тастауға мәжбүр болды. Депортациялық саясаттың қатал жағдайында Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген түрік халқының жан сақтауы тек қазақ халқының туысқандық көмегінің арқасында ғана мүмкін болды.

Қазақ халқы аштық нәубеті мен саяси қуғын-сүргін қасіретін басынан өткерсе де, басын қауіп-қатерге тіге отырып, қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен түрік халқына ең қиын сәттерде қол ұшын беріп, баға жетпес көмек көрсетті. Зорлықпен көшірілген халық қилы заманда қазақ өлкесінен пана тауып қана қойған жоқ, бастарынан қиыншылықтарды  өткізе отырып, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты. Ол – Қазақ   жері. Олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалды, көпұлтты Қазақстан елінен өзіне лайықты орын тапты. Олар өздерін «Ахыска» түріктері деп атап кеткен.

Ахыска түріктері Қазақстан жерін 73-ші жыл мекендеп келеді. Олар осы жерде өз тыныштығын, болашағын тауып, еш қорқынышсыз өмір сүруде.

Осыған байланысты Меркі ауылдық округінің «Старый замок»  мейрамханасында депортацияланған Ахыска түріктерін еске алу күні және қайырымдылық акциясы өтті.

Іс-шараға Меркі ауданының әкімі М.Өмірбеков, әкім орынбасары М.Қасым, ауыл округтерінің әкімдері, облыс және аудан депутаттары, барлық ұлт өкілдері, ауыл ақсақалдары мен жастары, сонымен қатар Тараз қаласынан, Байзақ, Қордай, Шу т.б. аудандарынан көптеген қонақтар қатысты. 

Бүгінгі іс-шарада қуғын-сүргінге ұшыраған ахыска түріктерінің ата-бабаларына арналған ас беріліп, Құран оқылды. Меркі ауданының әкімі М.Өмірбеков жылы лебізін білдіріп, кейіннен депортацияға ұшыраған ата-бабалардың кейінгі ұрпақтары, қазіргі аға буындар, ақсақалдар сөз сөйледі.

Қазіргі кезде ахыска-түріктерінің Жамбыл облысында орны ерекше.  Олар облысымыздың өркендеуіне үлкен үлес қосып, кез келген мерекелік іс-шараға белсене қатысады. Сонымен қатар олар қайырымдылықпен айналысады.

Айталық, өткізілген іс-шара шеңберінде «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері, атап айтқанда Я. Азизов, И. Салаев, Р. Забитов, Т. Бадалов, Ф. Агезов, А. Дурсунов, Т. Абитов, И. Рустамов Меркі ауданында орналасқан «Меркі Ата» орталық мешітіне сыйлық ретінде 1 үлкен және 8 кіші аспашам орнатып берді.  Аспашам жарық беретін құрал ғана емес, сонымен қатар ол мешіттің жайлылық стилін қалыптастырады. Өйткені мешіт барша мұсылмандардың өмірінде маңызды рөл атқарады. Мешіт - біздің жүрегіміздің бейнесі, рухани тазалығы.

Іс-шара келесі күні Жамбыл облысындағы «Гранд Рояль» мейрамханасында ұласты. Мейрамханада 200 адамға дастархан жайылып, Құран оқылды. Сонымен қатар барлық қонақтарға депортацияға ұшыраған ахыска-түріктерінің тарихы мен сол кездегі өмірі жайлы қысқаметражды фильм көрсетілді.

«Ахыска» бірлестігінің дін жөніндегі төрағасы Ибрагим Зуфаров Құран оқып, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі М.Қожаева мен «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы М.Давришев сөз сөйледі.

Айта кетейік, М.Давришев Жамбыл облысында қайырымдылықпен айналысатын мейірімді меценаттардың бірі және құрметті азаматы. Ол жақында өткен «QAI'YRYMDY JAN-2017» атты қайырымдылық акциясында мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін 200 000 теңге көлемінде көмек  көрсеткен болатын.

Мерекелік іс-шараның қорытындысы ретінде «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының спорт кешенінде жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық турнир өтті.

Турнирдың мақсаты - жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын арттыруға, олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дене тәрбиесі мен бұқаралық спорт жүйесін дамытуға ықпал ету болып табылады.

Жарысқа облыс аудандарынан 2003-2007 жж. туылған жасөспірімдер қатысты. Жарыс халықаралық UWW ережесімен, екі топта әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша өткізілді. Жалпы командалық есеппен Меркі ауданынан келген спортшылар бірінші орынға ие болды.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің атынан арнайы дипломдар мен медальдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Жарыс жеңімпаздарын марапаттауға «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы М. Давришев, Жамбыл облысы спорт басқармасының өкілдері мен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушылар қатысты.

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.