You are here

Қайырымдылық керуені Жамбыл мен Байзақ ауданында

14.08.2017, 15:43   300

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақстан халқы Ассамблеясы - игі істердің жаршысы. Елдегі татулық пен ынтымақтастықты сақтауды мақсат тұтқан бұл институтының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында қайырымдылық саласын дамыту – Қазақстандағы бірегейлік пен бірлікті азаматтық қағидат негізінде нығайтудың бір жолы ретінде көрсетілген. Осы орайда, «Қайырымдылық керуенінің» алар орны ерекше.

10 тамыз күні Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің керуені ағымдағы жылдағы алғашқы сапарына - Жамбыл ауданындағы Кызылқайнар ауылына ат басын бұрды. Ауыл орталығында бізді қызылқайнарлық белсенділер, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері мен көңілді жастар қарсы алды.

Әкімшілік қабырғасында ұйымдастырушылар этномәдени бірлестік жетекшілерімен және медиаторлармен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиын барысында Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы, «Қайырымдылық керуенінің мақсаты» мен «Медиация және оны қолдану тәсілдері» тақырыбында сөз қозғалды. Сондай-ақ бұл күні ауылдық әкімшілікке жағдайы төмен отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жарымжандар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер жиналды. Ұйымдастырушылар оларға азық-түлік табыстап, мұқтаж жандарды бір серпілтіп тастады.

Дәл осы уақытта Қызылқайнар ауылдық орта мектебінің қабырғасында да бірқатар іс-шаралар болды. «Қоғамдық келісім» КММ методисі Вера Майкович балалар арасында сурет салудан «Туған жер» атты байқау өткізіп, барлық бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстады. Облыстық тарихи мұражайдың ғылыми қызметкері Людмила Хапилина мектеп оқушыларына Көне Тараздың тарихынан сыр шертетін жәдігерлердің көмегімен қызықты кездесу өткізді. Бір айта кетерлігі, балғындар дәрісті ұйып тыңдап, қызықтырған сауалдарын қойып, таңданасып қайтқаны байқалып тұрды. Ал ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі Ербол Кәншімбеков қызылқайнарлық жастарға «Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз?» деген сұрақ қойып, осы тақырыпта шағын тренинг өткізді. Бірі келешекте еліміздің әр қаласында ұшатын, суда жүзе алатын автокөліктер болады десе, бірі халық тұрмыста роботтарды кеңінен қолданады дейді, ал тағы бір спорт сүйер қыз-жігіттер жер-жерде көптеген спорттық нысандар салынғанын қалайды екен.

Көп кешікпей, 11 тамызда «Қайырымдылық керуені»  Байзақ ауданындағы Байзақ ауылына аттанды. Жамбыл ауданындағыдай, мұнда да мұқтаж жандарға азық-түлік табысталып, ауыл тұрғындарымен басқосу өтті.

Ерекшелігі сол, Байзақ ауылдық мәдениет үйінде «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері жергілікті жастармен жиын өткізді. Ал көпшілік іс-шаралар бөлімінің қызметкері Біржан Үксікбаев Қазақстан халқы ойындарынан спартакиада өткізіп, қарсыластарынан озып шыққандарға сыйлықтар табыстады.

Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары халық арасында кеңінен танылып жүр. Дарынды әншілер, бишілер мен ақындар бұл жолы да өз өнерлерін ортаға салды. Осылайша, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Қызылқайнар мен Байзақ тұрғындарын шаттыққа кенелткені анық.

Қайырымдылық керуенінің келесі аялдамасы – Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандары.

 

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15